Камера жазбасында баланың айқайлап, қарсыласуға тырысқаны, бірақ мойнынан қысып, төсекке жантайтып ұрғаны анық көрінеді. Қызды тістеп, соққыға жыққан.
Ақтаудағы жекеменшік «Тұмар» балабақшасында (24-шағынаудан) шошытатын жағдай болды. 5 тамыз күні ясли тобына баратын қыз баланы өзге бір тәрбиеленуші 15 минут бойы ұрып, қылқындырған. Оқиға кезінде бөлмеде бірде-бір ересек адам болмаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Камера жазбасында баланың айқайлап, қарсыласуға тырысқаны, бірақ мойнынан қысып, төсекке жантайтып ұрғаны анық көрінеді. Қызды тістеп, соққыға жыққан. Ең сорақысы — сол сәтте не тәрбиеші, не күтуші кірмеген. Балақайдың ата-анасы болған жағдайды тек кешке, қыздарын алуға келгенде бір-ақ білген. Балақайдың беті ісіп, денесінде көгерген және тістелген іздер болған. Персонал жедел жәрдем де шақырмаған, ата-ананы да ескертпеген. Керісінше, бейнежазбаны сұраған ата-анаға «мәселені полициясыз шешейік» деп ұсыныс жасаған. Қазір зардап шеккен баланың ата-анасы қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр. Полиция видео жазбамен танысқан, алайда әзірге нақты шара қолданылған жоқ. – Видеода қызымды қылқындырғаны, ұрғаны анық көрініп тұр. Бөлмеде бір ересек адам жоқ. Егер ол сол жерде көз жұмса ғана әрекет ететін бе едіңіздер? – дейді ашынған анасы.