Қарағанды облысында Toyota Alphard қатысқан тағы бір ірі жол апаты тіркелді.
Ұлттық оператор «ҚазАвтоЖол» жариялаған мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға 11 тамыз түнінде «Астана – Қарағанды – Алматы» тас жолының 1396-шақырымында, Осакаров ауданына қарасты Батпақты ауылының маңында болған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алдын ала деректер бойынша, 30 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, минивэн жол жиегіне аударылған.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жүргізуші мен 2 жолаушы оқиға орнында көз жұмған. Тағы төрт адам, оның ішінде екі кәмелетке толмаған бала, ауруханаға жеткізілді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық мән-жай анықталып жатыр.
Айта кетейік, Toyota Alphard Қазақстан жолдарында жиі қайғылы оқиғаларға себеп болып жүр. Сарапшылар мұндай көліктердің жоғары жылдамдықта қауіпті маневр жасауға бейім екенін және жүргізушілердің сақтықты жиі елемейтінін айтады.