11.08.2025, 18:20

«Көзіңді жоғалт»: Алматыда автобус жүргізушісі мен жолаушы жанжалдасып қалды (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Жолдағы қауіпсіздік – біздің басты басымдығымыз. 

Әлеуметтік желіде Алматыдағы автобус жүргізушісі мен жолаушының арасындағы жанжалдың видеосы тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Видеода жолаушы жүргізушіге көлік жүргізіп келе жатып телефон қолдануға болмайтынын айтып, ескерту жасады. Оның бұл ескертуіне жүргізуші “Көзіңді жоғалт” деп жауап берді. Сөйтіп ол жолаушының қолындағы телефонды тартып алуға тырысты. 

Жанжал мұнымен біткен жоқ. Жолаушының өзін телефонға түсіріп алғанын көрген жүргізуші оны автобустан шығарып жіберуге тырысты. Сондай-ақ “Мен WhatsApp” қолдандым деп ақталды. Алайды оны қоғамдық көліктен шығарып жіберуге шамасы келмеген соң, автобусты жүргізуден бас тартты. Тек жолаушы қоғамдық көліктен түскен жағдайда ғана жұмысына қайта оралатынын айтты.

Алматы полициясы жанжалға қатысы бар адамдардың жеке басы анықталғанын хабарлады.

“Жүргізушінің әрекетіне заң талаптарына сәйкес принципті құқықтық баға беріледі”, – деп түсіндірді ведомство.