Куәгер атыс дыбысын алғашында мерекелік отшашу деп ойлаған.
Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовті өлтіруге оқталу ісі бойынша сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz сілтеме жасап.
Куәгер Гауһар Нұржанованың айтуынша, атыс дыбысын алғашында мерекелік отшашу деп ойлаған. Құрбысы «еңкей» дегеннен кейін ғана жағдайдың қауіпті екенін түсініп, жерде ақ жейдедегі қансырап жатқан адамды көрген. Жаралының басына өз киімін төсеп, жедел жәрдем келгенше жанында болған.
Тағы бір куәгер Бағлан Момынов сол күні досы Жиембайға сөмкесін көтеруге көмектескенімен, ішінде не барын білмегенін айтты. Оқиға жайлы тек теледидардан хабардар болған.
Сотта Талап Рахымбердиев те жауап берді. Оның сөзінше, Берденовтің тапсырмасымен Жиембай әкімдікке шақырылған, бірақ презентациясы дайын болмаған әрі киімі ресми талапқа сай келмеген. Кейін мас күйінде хабарласып, “Өлемін немесе оны өлтіремін” деп айтқанын жеткізді.