Аляскадағы саммит — халықаралық аренадағы маңызды оқиға.
15 тамыз 2025 жылы АҚШ пен Ресей көшбасшылары — Дональд Трамп пен Владимир Путин — Аляскадағы Joint Base Elmendorf–Richardson әскери базасында жүздеспек. Бұл — Трамптың қайта сайланғаннан кейінгі, ал екі тараптың 2019 жылғы Осака саммитінен кейінгі алғашқы тікелей кездесуі болмақ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Күн тәртібіндегі басты тақырып — Украина
Сарапшылардың айтуынша, келіссөздердің негізгі бөлігі Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тоқтатуға арналады. Ақ үйдің мәліметіне сәйкес, Трамп тараптар арасында бітімге келу жолдарын қарастырады. Ал Мәскеу өзіне тиімді шарттар ұсынуды көздейді — атап айтқанда, Украинаның кейбір аумақтарын ұзақ мерзімге (49 немесе 99 жылға) бақылауда ұстау мәселесін.
Трамп Путин жұма күні кездескен кезде Украинадағы соғысты тоқтатуға келіспесе, оны "ауыр зардаптар" күтіп тұрғанын айтты. Сондай-ақ Путинмен кездескеннен кейін Украина президенті Владимир Зеленскиймен дереу кездесуге ниетті екенін білдірді.
"Егер бірінші кездесу ойдағыдай өтсе, біз тез арада екінші кездесуді өткіземіз. Мен мұны бірден жасағым келеді және біз президент Путин мен президент Зеленскийді беттестіреміз" – деді Трамп.
Вашингтон соңғы айларда Украинаның қауіпсіздік кепілдіктерін талқылаған жоқ – бұл Киевтің басты талабы болғанымен, АҚШ кез келген бейбіт келісім бойынша міндеттемені орындауға дайын. Ұлыбритания, Франция және Германия америкалықтардың тікелей қатысуынсыз бітімгершілік күштерін құруға тырысты, бірақ АҚШ әуе қорғанысы сияқты қолдау көрсете алады деп үміттенген.
Санкциялар, энергетика және дипломатия
Кездесу барысында тараптар санкциялық саясатты қайта қарау, Арктикадағы энергетикалық жобаларды дамыту және дипломатиялық қатынастарды қалыпқа келтіру мәселелерін талқылауы ықтимал. Елшіліктердегі қызметкерлер санын қалпына келтіру мен әуе қатынастарын реттеу де назарда болады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Мәскеу Киевпен бітімге келіспесе, Ресейге қарсы санкция енгізуге дайын екенін жеткізді. Трамп Ресейге қарсы санкция енгізетінін 1 тамыз күні Newsmax басылымына берген сұхбатында айтп кеткен.
Сондай-ақ ол Путиннің бұл санкциялардан құтылудың “жолын жақсы білетінін” атап өтті.
“Бұл менің емес, Байденнің соғысы. Мен болғанда бұл соғыс болмас еді. Төрт жыл өтті, Путинмен жеке әңгімелерімді қоспағанда, ол туралы бірде-бір рет айтылмады. Мен мынаны айтқым келеді: бұл соғыс тоқтауы керек. Бұл — қорқынышты соғыс", – деп атап өтті Ақүй басшысы.
Трамп бұл соғысты тоқтатуға барын салғанын айтып қалды. Оның сөзінше, ол үш рет Ресей президентімен келісімге келдім деп ойлаған.
Ықтимал сценарийлер
Аляскадағы саммит — халықаралық аренадағы маңызды оқиға. Дегенмен, нақты нәтижеге жету үшін тараптардың құқықтық міндеттемелерді бекітуі және саяси ерік танытуы қажет. Әйтпесе, бұл жиын тек сыртқы көрінісі әсерлі, бірақ мазмұны әлсіз шара болып қалуы мүмкін.