Астанада көпшіліктің ашуын туғызған оқиға видеоға түсіп қалды.
Қарасай батыр көшесіндегі аялдамада бір топ жасөспірім қыз еш себепсіз қоғамдық мүлікті тепкілеп, секіріп, сындыруға тырысқан. Жанында тұрған жігіт болса, аялдамада жатып алған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Желіде тараған кадрлардан олардың аялдаманы аяусыз тепкілеп, қолмен ұрып, секіріп жатқанын көруге болады. Көрген жұрт «Мынау масқара!», «Тәртіп жоқ», «Ата-аналары қайда қарап отыр?» деп ашулануда.
Пікірлер екіге бөлінді: бірі – қыздардың ата-анасын қатаң жауапқа тартуды, айыппұл салуды талап етсе, енді бірі – мұндайларға қоғамдық жұмыстарды міндеттеу керек дейді. «Қазір мектепте де, көшеде де балаларды ешкім тежемейді» деген пікірлер де жиі жазылды.
Мамандар вандализм – әкімшілік құқық бұзушылық екенін, бұл үшін айыппұл немесе түзету жұмыстары қарастырылғанын еске салады. Ал полиция әзірге бұл жағдайға қатысты ресми мәлімет берген жоқ.