16.08.2025, 13:30

«Тамақ бермей, қамшымен сабай берген»: Жамбылда балаларды құлдықта ұстаған өгей әкенің қорлығы әшкереленді (ВИДЕО)

Коллаж: SN.kz

«Намаздан кейін “жындарыңды шығарамын” деп сабайды екен.

Жамбыл облысында өгей әкесінің қолында құлдықта болған балалардың туған әкесі мен анасы сұхбат берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ата-ана журналист Руслан Өтепбайға өз көзқарастарын айтып берді.

Балалардың туған әкесі Нұржан, олардың анасымен бірге жүргендіктен мұндай жағдай болады деп ойламағанын жеткізді.

«Жүрегім ауырып кетті. Өгей әкесі ұрады екен деді. Қамшымен де, қол-аяғымен де ұрып, тепкілепті. Мал бақтырған. Арқасы мен аяқтарында қамшының ізі бар. Түнде намазға мәжбүрлеп тұрғызады екен. Тасбих тартып отырып қалғып кетсе, қамшымен соққан», – дейді ол.

Балаларды алғаш құлдықтан құтқарған нағашы әпкесі Жанеркенің айтуынша, сіңлісі жағдайды естігенде «мен бақыттымын, өміріме араласпа» деп жауап берген. Кейін балалар өздері хабарласып көмек сұраған соң, әпкесі ауылға барып, оларды алып кеткен.

«Балаларды алу үшін ауылға бардым. Мал айдап шыққанын күтіп тұрдым. Бір кезде балалар шықты да, 10 метр жүрмей жатып тамақ жей бастады. “Жаңа ғана үйден шықтыңдар, тамақ ішпедіңдер ме?” деп сұрасам, “мамамыз тығып берді” деді. Өгей әкелерінің көзінше ішсе, “арамтамақтарсыңдар” деп ішкізбейді екен», – дейді Жанерке.

Тағы бір нағашы әпкесі Аиданың сөзіне қарағанда, өгей әке балаларды «жын шығару» үшін ұрып-соққан.

«Намаздан кейін “жындарыңды шығарамын” деп сабайды екен. Қолына салып, қабырғасының астына ұрып, шыңғыртыпты. Аналарының көзінше болған, бірақ ол үндемеген. Қазір де күйеуін жақтап отыр», – дейді ол.

Әпкелерінің айтуынша, балалар бұған дейін 10-15 рет үйден қашып, ауыл мешітін паналаған. Бірақ өгей әке әр жолы оларды тауып алып келген. Әйелдер осыған қарамастан мешіт имамының үнсіздігіне де наразылық білдірді.

Ал балалардың анасы Назерке ұлдарының сөзін жоққа шығарып, бәрін «жалған» деп атады.

«Егер бес жылдан бері қорлық көрсе, неге ертерек қашпаған? Видеодағының бәрі ойдан шығарылған», – деді ол.

Журналист әйелден «балаларды намазға күштеп тұрғызып, қалғып кетсе қамшымен ұратыны рас па?» деп сұрағанда да, ол күйеуін ақтады.

«Өгей әкелері намаз оқиды. Балалар да оқиды. Ұйықтап қалса, қамшымен жерді ұрады. Көзін ашсын деп. Егер күйеуім сотталса, соңына дейін барып шығарып аламын. Маған күйеу де, бала да қымбат», – деді ол.

Журналист оған өгей әкенің балаларға жіберген аудиожазбасын тыңдатты. Онда ер адам мал шашырап кеткені үшін балаларды балағаттап, қатты сөгіп жатыр. Алайда әйел мұны да ақтап, «балалар кінәлі» деп шықты.

«Бұл бала телефонға қоңырау шалса алмайды, қайта-қайта өшіріп тастайды. Мәселе сонда», – деді Назерке.