23.07.2025, 11:00

Қаржы пирамидасына тап болсаңыз не істеу керек?

Фото: pixabay.com

Бұл орган күдікті қаржы операцияларын бақылап, алаяқтық схемаларды тоқтатумен айналысады.

Қазақстанда қаржы пирамидалары жыл өткен сайын жаңа әдістермен халықты алдап келеді. Егер сіз осындай күмәнді жобаға тап болсаңыз немесе алданып қалдыңыз деп ойласаңыз, дереу әрекет ету маңызды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Полицияға бірден хабарласыңыз. Бұл – қылмыстық құқықбұзушылық, сондықтан құқық қорғау органдары тергеу жүргізе алады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгініңіз – компанияның лицензиясын, заңды жұмыс істеп жатқан-жатпағанын тексеру үшін.

Қаржы мониторингі агенттігіне шағым беріңіз. Бұл орган күдікті қаржы операцияларын бақылап, алаяқтық схемаларды тоқтатумен айналысады.

Қазақстан заңнамасы қаржы пирамидаларын құруға және жарнамалауға қатаң шара қолданады:

Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша, қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру немесе оған басшылық ету үшін 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар, пирамиданы жарнамалағандар да жазасыз қалмайды. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 150-бабына сәйкес айыппұл салынады:

жеке тұлғаларға – 150 АЕК (шамамен 459 450 теңге);

лауазымды адамдарға – 170 АЕК (520 710 теңге);

шағын кәсіпкерлік немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 200 АЕК (612 600 теңге);

орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК (918 900 теңге);

ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 600 АЕК (1 837 800 теңге).

2024 жылы Қазақстанда 40-тан астам қаржы пирамидасы әшкереленген.

5 мыңнан астам азамат зардап шегіп, олардың шығыны 5 млрд теңгеден асқан.

Қаржы мониторингі агенттігі Telegram-бот арқылы күмәнді жобаларды тексеруді жеңілдетті. Қазіргі таңда «Baiqa, piramida!» сервисі жұмыс істейді.

Сарапшылар қандай кеңес береді?

«Тез байытамыз» деген кез келген ұсыныстан сақ болыңыз;

Компанияның ресми лицензиясын міндетті түрде тексеріңіз;

Достарыңызға немесе туыстарыңызға бірден хабар беріп, оларды да ескертіңіз;

Күмәнді чаттар мен сайттарға жеке деректеріңізді (ЖСН, карта нөмірі) енгізбеңіз.