Нұра бағытына бет алған LADA Largus көлігі мен Алатау жаққа қарай келе жатқан Sonlink мотоциклі соқтығысқан.
Алматы облысында ірі жол апаты тіркеліп, екі жас жігіт қаза тапты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қайғылы оқиға 16 тамыз күні сағат 23:00 шамасында Алатау қаласы мен Нұра ауылы арасындағы тас жолда болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, Нұра бағытына бет алған LADA Largus көлігі мен Алатау жаққа қарай келе жатқан Sonlink мотоциклі соқтығысқан.
Соққының қатты болғаны соншалық, мотоцикл көліктің алдыңғы бөлігін қиратып, екі жас жігіт отырған мотоцикл Largus-тың әйнегіне соғылған. Құлаған мотоцикл жолдан 10 метрден астам жерге ұшып, жыраға түсіп кеткен.
Оқиға орнында 16 жастағы мотоцикл жолаушысы көз жұмды. Ал 18 жастағы жүргізуші мен жеңіл көлік иесі жедел түрде ауруханаға жеткізілген. Алайда біраз уақыттан кейін мотоцикл жүргізушісі де алған жарақатынан қайтыс болды.
Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, Алатау – Нұра автожолының 3-шақырымында болған апатқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған.
"Жол апаты салдарынан мопедтің кәмелетке толмаған жолаушысы қаза тапты. Екі жүргізуші түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, алайда мопедті басқарған жас жігіт кейін көз жұмды. Қазір қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесінде заңға сәйкес шешім қабылданады", – делінген ресми хабарламада.