20.08.2025, 12:50

«Бетінен ұрып, мұрнын қанатқан»: Ақтауда өгей әке балаларына аяусыз қорлық көрсеткен (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Турал Латифовтың айтуынша, оның екі қызы бар: үлкені – 9 жаста, кішісі – 6 жаста.

Маңғыстау облысының тұрғыны Турал Латифов бұрынғы жұбайы мен оның бірге тұратын жолдасын балаларға қиянат жасады деп айыптады. Ол әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, алты жасар қызының жанайқайын көрсетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бейнежазбада кішкентай қыз анасының жолдасы, «ағасы Руслан» деп атайтын ер адам, оны бірнеше рет беттен ұрып, тіпті мұрнынан қан кеткенін айтады. Сондай-ақ ол түн ортасында сабақ оқуға мәжбүрлейтінін, ал ұйықтап кетсе, басын суға толы шелекке батырып оятатынын жасырмай жеткізген.

Турал Латифовтың айтуынша, оның екі қызы бар: үлкені – 9 жаста, кішісі – 6 жаста. Олардың қорлық көріп жүргенін ол бұрыннан сезген. Әке сөзінше, тіпті 16 жастағы өгей ұлы да шыдамай, анасынан қашып кеткен. Жасөспірім өгей әкесі мен анасының өзіне де ауыр сөздер айтып, жұмысқа жегіп, ұрып-соққанын әкесіне айтып берген.

Бұл оқиғаға қатысты Маңғыстау облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Тергеу «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамау» бабы бойынша жүріп жатыр. Қазіргі таңда барлық тараптан түсініктеме алынып, іс басшылықтың ерекше бақылауына алынған.

Балалардың тағдырына алаңдаған әке:

«Қазір қыздарым менің қасымда. Бірақ оларды анасына қайтарады деп қорқамын. Өйткені полицейлердің өздері заң әдетте ананың жағында тұрады дегенді ашық айтты», – дейді.

Жағдайға Маңғыстау облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшесі Диляра Турина да пікір білдірді. Оның айтуынша, ресми арыз түспегенімен, әкенің шағымы тіркеліп, өңделген.