25.08.2025, 15:40

Павлодар облысында тағы бір бала терезеден құлап кетті

Фото: Pixabay

Бала бас сүйегінен жарақат алып, миы шайқалған.

Павлодар облысында тағы да оқыс жағдай тіркелді. Жұма күні 2023 жылы туған сәби өз үйінің терезесінен құлап кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алдын ала мәлімет бойынша, кішкентай ұл бала екінші қабаттан құлаған. Ол көптеген дене жарақатын алып, шамамен сағат 17:00-де жедел жәрдем арқылы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

Дәрігерлер баланың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.

«Бала бас сүйегінен жарақат алып, миы шайқалған. Сондай-ақ оң жақ иығы сынған және ішкі ағзаларына зақым келген», – деді облыстық балалар ауруханасының мамандары.

Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері Павлодар облысында сегіз бала терезеден құлап кеткен. Өкінішке қарай, олардың екеуі қаза тапты.