Қазақстанда енгізілген кассациялық соттар – сот жүйесін жаңғыртуға арналған жаңа саты.
«Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс». Бұл Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында айтылды. Бүгінде әділетті Қазақстан құру жолында бірқатар өзгерістер енгізіліп жатыр. Мәселен, осыдан екі ай бұрын Қазақстанда кассациялық соттар жұмысын бастады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазақстанда енгізілген кассациялық соттар – сот жүйесін жаңғыртуға арналған жаңа саты. Олардың негізгі міндеті – әділдікті қамтамасыз ету, қателіктер мен заң бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ апелляциялық соттардың шешімдерін қайта қарау мүмкіндігін ұсыну.
Кассациялық соттар - бұл төменгі соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне шағымдар бойынша істерді қарайтын сот органдары. Олардың негізгі міндеті - бірінші және апелляциялық сатыдағы судьялар қабылдаған сот шешімдерінің заңдылығы мен дұрыстығын тексеру.
Жаңа кассациялық соттардың судьялары қызметтегі білікті судьялар арасынан іріктеледі. Кассациялық сотта жұмыс істеуге таңдалатын судьялардың заңгерлік өтілі кемінде 18 жыл, ал судьялық өтілі кемінде 8 жыл болуы шарт. Төрағалар үшін кемінде судьялық өтілдің кемінде 10 жыл болуы, оның ішінде облыстық соттың судьясы лауазымындағы жұмыс өтілі 5 жылдан кем болмауы басты шарт ретінде бекітіліп отыр.
Шілде айында кассациялық соттарға 5 мыңға жуық арыз-шағым түскен. Бұл органның негізгі міндеті – сот актілерін қабылдау кезінде заңдардың дұрыс қолданылуы мен түсіндірулерінің сақталуын қамтамасыз ету.
Кассациялық соттар Астана қаласында жасақталып, барлық өңірден келген шағымдарды қарайды. Осыған дейін азаматтар аппеляция шешіммен келіспесе, іс Жоғарғы сотқа өтіп, шағымдардың 25 пайызы ғана қаралған.
Енді арыз-талап, сот процесі кезінде болған кемшіліктер назардан тыс қалмайды.
Жамаладин Ибрагимов, заң ғылымдарының докторы:
Шағымданушы азамат үкімнің заңды не заңсыз екеніне күмәнданса да, кассациялық сотқа арыз беріп, оның заңдылығына көз жеткізе алады. Конституцияның 13-бабында көрсетілген сотқа қолжетімділік құқығы – қоғамда өмірде қолданылуы тиіс екенін айқын көрсетіп тұрған норма.
Сонымен қатар осы аптада Президент Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдап, Мемлекет басшысына биылғы жеті айдағы сот жүйесі қызметінің қорытындылары жөнінде баяндалған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа азаматтық істер бойынша дауларды шешудің баламалы әдістерін қолдану 24 пайызға, яғни, 61 мыңнан 76 мыңға дейін өскені айтылды. Олардың қатарында медиация, бітімге келу мен татуластыру рәсімдері бар.
Асламбек Мерғалиевтің айтуынша, азаматтардың мемлекеттік органдармен арадағы даулар бойынша құқығын қорғау шеңберінде әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың 2,6 мың актісі (57 пайыз) заңсыз деп танылды.
Сондай-ақ Президентке қылмыстық іс жүргізуде конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету шаралары туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, тергеу соттарының қамауға алуды санкциялаудан бас тарту үлесі 23 пайыздан 37 пайызға өсті. Ақталған азаматтардың саны (жеке айыптау істерін қоспағанда) 59-дан 88-ге жетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы 1 шілдеден бастап дербес кассациялық сот жұмыс істей бастады. Алғашқы айдың өзінде аталған мекемеге 5 мыңға жуық арыз-шағым түскен.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың сот жүйесіне сенімін нығайту және сот төрелігінің сапасын арттыру жұмыстарын жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.