Кездесу сәтін имамның өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, ұлттық құраманы қолдауға шақырды.
Әлеуметтік желіде Нұрлан имам деп танылған Нұрлан Байжігітұлы футболдан Қазақстан құрамасының ойыншыларымен кездесті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әли Әлиев шәкірттері 4 қыркүйек күні әлем чемпионатына іріктеу аясында елорда төрінде Уэльс құрамасын қабылдайды. Кездесу «Астана Аренада» өтеді. Маңызды матч алдында Нұрлан имам футболшыларға батасын берді. Кездесу сәтін имамның өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, ұлттық құраманы қолдауға шақырды.
«Ертең дәл осы аренада Қазақстан құрамасы Уэльспен ойнайды. Бұл кездесуге біздің құрамамызды бас бапкер Әли Әлиев бауырымыз алып шығады. Бүгін ойыншыларымызбен кезігіп, бата беріп, жақсы ниетімді айттым. Ел намысы үшін олар барын салып, бақ пен бабы бірге өрлейтініне сенемін. Баршамыз жігіттеріміз үшін дұғада болайық. Жаратқан жар болсын!» - деп жазды ол.
Әзірге ұлттық құрама капитаны кім болатыны белгісіз. Бұған дейін қорғаушы Нұралы Әліп осы мәртебеге ие болуы мүмкін деген болжам айтылған.
Айта кетейік, Қазақстан – Уэльс матчы сағат 19:00-де басталады. Дегенмен билеттердің барлығы сатылып кеткен.