09.09.2025, 19:00

Ақтауда прокурор ұсталғаны туралы ақпарат тарады

Фото: Маңғыстау облысының прокуратурасы

Желіде тараған ақпаратта "демалыстан оралған аға әділет кеңесшісіне екі бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылғаны" айтылған. 

Telegram арналарда Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіров Алматы әуежайында мас күйде жанжал шығарғаны үшін ұсталып, айыппұл салынды деген ақпарат тарады, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап. 

Желіде тараған ақпаратта "демалыстан оралған аға әділет кеңесшісіне екі бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылғаны" айтылған: ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүру, сондай-ақ, қоғамдық орындарда бейәдеп сөздер айту, азаматтарға тіл тигізу, мазасын алу және қоғамдық тәртіп пен адамдардың тыныштығын бұзатын әрекеттер.

Маңғыстау облысының прокуратурасы өкілі бұл ақпаратқа мынадай пікір білдірді:

"Бұл дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша қызметкерге қатысты тиісті шаралар қабылданады".