Президент Тоқаевтың айтуынша, отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым, ал отбасында алған тәрбие ұрпақты отаншыл, еңбекқор әрі білімді етіп тәрбиелейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отбасы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ұлтымызды мейірім мен қамқорлық, өзара қолдау мен азаматтық жауапкершілік сияқты мызғымас құндылықтар аясында ұйыстыратын тамаша мереке», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент Тоқаевтың айтуынша, отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым, ал отбасында алған тәрбие ұрпақты отаншыл, еңбекқор әрі білімді етіп тәрбиелейді.
«Жарық өмір сыйлаған ата-аналарымызға зор құрметпен қарау – қастерлі парыз. Әсіресе, аялы алақанымен, ақыл-парасатымен әрбір үйді шуаққа бөлейтін аналардың орны ерекше», – деді Президент.
«Біз асқар тау әкелеріміздің табанды еңбегі мен ерен ерлігіне бас иіп, қадір тұтуымыз керек», – деп қосты ол.
Мемлекет басшысы елдің өркендеуі отбасыдан басталатынын еске салып, отбасылық құндылықтарды сақтап, кеңінен насихаттау қажет екенін айтты.
«Әр шаңырақта ырыс-ынтымақ болса, еліміз де қарқынды дамиды. Бұл – Әділетті және Қуатты Қазақстан құрудың аса маңызды шарты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ана мен бала құқығын қорғау мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті.
«Әр шаңырақ бақ-берекеге толсын! Барша отандастарымызға зор денсаулық, мол табыс тілеймін!», – деді ол.