Жазатайым оқиға облыс орталығындағы №37 орта мектепте дене шынықтыру сабағы кезінде болған.
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
– Кәмелетке толмағандардың және олардың ата-аналарының әрекеттері Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралады. Бұдан бөлек, тергеу барысында оқу орны әкімшілігінің іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады, – деп мәлімдеді өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ал облыстық білім беру басқармасы мектеп педагогы пен мектеп әкімшілігіне қатысты шешім тергеу амалдары аяқталғаннан кейін қабылданатынын хабарлады.
– Мектепке тыйым салынған заттарды алып кіру дерегі бойынша заңды өкілдерге қатысты тексеру жұмыстары атқарылып жатыр. Зардап шеккендер дер кезінде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, – делінген білім басқармасы таратқан хабарламада.
Нақтылай кетейік, жазатайым оқиға облыс орталығындағы №37 орта мектепте дене шынықтыру сабағы кезінде болған. 6-сыныптың бір топ оқушысы сілтілі "Крот" құбыр тазартқыш құралын сусын құйылған пластик бөтелкеге салып ойнаған.
Жедел жәрдемге шақырту бүгін сағат 12.49-да түсті. Оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы жіберілді. Анықталғандай, жеті бала зардап шеккен. Балалардың қол саусақтарын, бет-әлпеттері мен көздерін күйік шалған. Оқушылар әлгі жерде "крот"+мохито+фольга химиялық заттарын пайдаланып, ойын ойнаған. Зардап шеккен жасөспірімдердің барлығы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Пациенттердің жағдайы ауыр емес, – деп хабарлаған болатын өңірлік жедел жәрдем стансасынан.