$ 539.54  637.09  6.52

Тарихи оқиға: Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханның сүйегі қайта жерленді

«Қазақ хандығының алғашқы ханы – Керей ханның жерленген жері де Қорғалжын өңірінен анықталды.

Фото: Қорғалжын әкімдігі
Фото: Қорғалжын әкімдігі

Қорғалжын жерінде Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханның сүйегін қайта жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қорғалжын ауданының әкімдігінің хабарлауынша, қайта жерлеу рәсіміне елге танымал ғалымдар, тарихшылар мен археологтер қатысқан. Құрбан шалынып, рәсім барысында Жәнібек ханның рухына Құран бағышталды.

«Қазақ хандығының алғашқы ханы – Керей ханның жерленген жері де Қорғалжын өңірінен анықталды.

1910 жылғы Омбы топографиялық отрядының картасына  сүйене отырып, Қорғалжын ауданының әкімі   Алмас Алин және аудандық өлкетану музейінің басшысы    Амангелді Аужанов арнайы сапар жасап, Теңіз көлінің  оңтүстік-батысына қарай орналасқан аумақтан  Керей ханның нақты зиратын тапты.

Бұл өңірде Керей атты ауыл, Керей көлі, Керей өзені бар. Бұл тарихи атаулар – ел жадында сақталған хан есімінің ізі.

Зират картамен дәлме-дәл сәйкестендіріліп, нақты орны көзбен көріп, расталды. Аудан әкімі Теңіз көліне жақын маңда орналасқан Керей ханның басына зиярат етті. Сол жерден алынған қасиетті топырақ Қорғалжын ауылында орналасқан Жәнібек ханның зиратына жеткізілді. Бұл – елдік пен рухани жаңғырудың жарқын көрінісі, ұлттық тарихымызды ұлықтау жолындағы маңызды қадам», -деп хабарлады әкімдік.

2018 жылы Қорғалжын ауданы Жәнібек-Шалқар көлінің оңтүстігінен көк лазурьмен сырланған, хандық белгілері бар көне кірпіштер табылған еді. Ал 2020 жылғы қазба жұмыстары кезінде 6 адамның сүйегі мен Алтын Орда дәуіріне тиесілі алтын мен күмістер табылған. Кейін ауданда ғалымдар, археологтар мен зерттеушілердің қатысуымен кең көлемде конференция өтті. Сол іс-шарадан кейін сүйектер шетелдегі зертханалардың біріне жіберілді. Сүйектерге жасалған радиоулеродтық және ДНҚ анализдеріне сәйкес бір сүйек XV-ғасырдағы төре тұқымына жататыны 99,9 % ықтималдылықпен анықталды. ДНҚ сараптамасы төре сүйегін Жәнібек ханға тиесілі болуы мүмкін деп көрсеткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары