"Жастар көптеген сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр".
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Діндер съезінің ашылуында сөз алған Мемлекет басшысы Қазақстанда жастарды қолдаудың жаңа деңгейге көтерілгеніне тоқталды.
Айтуынша, педагогтарға, дәрігерлерге, ғалымдарға, инженерлерге және жастарға қолдау жаңа деңгейге көтерілді. Осыған орай 2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланды.
Бұл шешім қоғамда еңбекқорлықты өмірлік басты қағида ретінде орнықтырудың маңыздылығын айқындайды, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол мектептер салуға, жоғары білім мен ғылымды, спорт пен креативті индустрияны дамытуға, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғыртуға қомақты қаражат бөлініп жатқанын алға тартты.
Болашақ – жастардың қолында екенін баса айтқан Президент өскелең ұрпақ барлық дін және мәдениет өкілдерінің арасындағы өзара құрмет пен сыйластық рухын терең сезініп өсуі қажет деп отыр.
Жастар көптеген сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Наным-сенімі, дүниетанымы әртүрлі болса да, оларды толғандыратын мәселелер ортақ. Түйткілдердің шешімін де бірлесіп іздеу қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының сөзінше, елде экология мәселелеріне де ерекше назар аударылуда. 2024 жылы бүкілхалықтық «Таза Қазақстан» жобасы басталып, оған миллиондаған азамат тұрақты түрде қатысып келеді.
Біздің басты бағдарымыз – әділетті, таза, қауіпсіз, қуатты әрі цифрлық Қазақстанды құру. Бұл – азаматтарының мүмкіндігі мен дамуына жауап беретін мемлекет, – деп түйіндеді Президент.