18.09.2025, 14:00

«Мен адам өлтірдім бе?»: Мәжілісте анасын құттықтаған Назаров өз әрекетін түсіндірді (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Оның айтуынша, бұл әрекет Мәжілістің этика комиссиясында қаралмаған.

Мәжіліс отырысында анасын туған күнімен құттықтап, сынға қалған депутат Ардақ Назаров бұл жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, бұл әрекет Мәжілістің этика комиссиясында қаралмаған.

"Жоқ, қаралған жоқ. Неге қаралуы керек? Мен қылмыс жасаған жоқпын, ешкімге зиян тигізген жоқпын. Тек анама деген құрметімді білдірдім. Сіз де анасыз ғой, егер балаңыз сізді Ақордадан құттықтаса, әрине қуанар едіңіз. Мұнда ешқандай әбестік жоқ. Парламентте де ешкім қарсы пікір білдірген жоқ, керісінше басшылық та, әріптестерім де қолдады", – деді Назаров.

Депутаттың айтуынша, оны сынап жүргендер – өз ата-анасына құрметі жоқ адамдар.

"Әр адам әртүрлі ойлайды. Біреу қызғануы мүмкін, біреу түсінбеуі мүмкін. Бірақ жалпы халық қарсы болған жоқ. Қарсылық танытып жүргендер – анасын сыйламайтындар ғана. Ал ата-анасын ардақтайтындар мені қолдайды. Өз ұстанымымнан бас тартпаймын. Демалыста анама барып, сыйлығымды беріп, қуантып қайттым. Бұл – ұл ретінде парызым", – деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауал қою үшін микрофон алған Ардақ Назаров сөзін анасын туған күнімен құттықтаудан бастағаны үшін сынға ұшыраған еді.