Асхана мен жуанатын бөлменің де жағдайы көңіл көншітпейді.
Ақтөбеде ата-аналар балалар ауруханасының жағдайына шағымданып отыр. Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада палаталардың тазалығы сынға алынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Анасының айтуынша, баласын аллергологқа апарған кезде дәрігер шұғыл түрде ауруханаға жатқызған. Бірақ ол жерде ескі төсек жабдықтары, бөлмеде жүрген тарақандар мен антисанитарияға куә болған. Асхана мен жуанатын бөлменің де жағдайы көңіл көншітпейді.
«Бұл ауруханада соңғы рет жөндеу жұмыстары 14 жыл бұрын жасалған шығар. Қазір тек тазалық жоқ, санитарлық талап сақталмайды», – дейді ата-ана.
Тұрғындар мәселе тек төсек-орын немесе жөндеуде емес, жалпы медициналық қызмет сапасында екенін айтады. Кейбір емханаларда қажетті аппарат жоқ, маман тапшы, жедел жәрдем шақырса, бригаданың бос болмауы да жиі кездеседі.
Денсаулық сақтау басқармасы әлеуметтік желідегі шағымды бақылауға алғанын хабарлады.