Бұл оқиғаға қатысты ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
Еліміздегі әскери бөлімдердің бірінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаз қаза болған. Бұл туралы марқұмның әпкесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Қаза болған сарбаздың жақындары оның өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Қайғылы оқиғаға қатысты ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы KAZ.NUR.KZ-ке сілтеп.
Марқұмның әпкесі Еңлік Қалтаеваның Instagram желісіндегі парақшасында жазуынша, былтыр күзде інісі Даниял Шынарбек әскерге кеткен. Ал көктемде егіздің сыңары Дінмұхаммед Отарға әскери борышын өтеу үшін аттанған.
"Олар бірге қызмет етті, бірақ ант бергеннен кейін Дінмұхаммедті Мәтібұлаққа, 01098 әскери бөліміне ауыстырып, оны ағасынан ажыратты. Негізі егіздерді айыруға болмайды. Дәл сол жерде қайғылы болды.
Бүгін Дінмұхаммедтің өзіне қол жұмсағанын хабарлады. Ол 29 тамызда небәрі 19 жасқа толды. Қайғыдан қан жұтып отырмыз, оның қазасын суицид деп түсіндіргеніне сене алмаймыз", - деп жазды марқұм сарбаздың әпкесі.
Бұл оқиғаға қатысты ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
"Осы жылдың 17 қыркүйегінде Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметші өзіне қол жұмсаған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жіберілді.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады және оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі", - делінген хабарламада.