Тексеру қорытындысы бойынша компанияға 179 600 теңге айыппұл салынды.
Петропавлда Qazaq Oil жанармай бекеті тұтынушыларға толық көлемде бензин құймағаны анықталды. Бұл жөнінде Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті қала тұрғынының шағымы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізген.
Өлшеу құралымен жасалған бақылау нәтижесінде айтарлықтай заңбұзушылық тіркелді: норма бойынша 20 литр жанармайда ±80 мл ауытқу рұқсат етілсе, Qazaq Oil колонкаларынан –120 мл және –140 мл кем шығуы анықталды. Бұл талапқа сай келмейді.
Тексеру қорытындысы бойынша компанияға 179 600 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, жабдықты қайта реттеу және қайтадан тексеруден өткізу тапсырылды.
Министрлік мұндай әрекет заңмен қатаң жазаланатынын еске салды.