Нәжікеновтың айтуынша, алимент мәселесін шешу үшін қатаң бақылау жалғаса бермек, себебі бұл тек заңдық емес, ең алдымен әлеуметтік және моральдық жауапкершілікке байланысты мәселе.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Темірбек Нәжікенов мәлімдеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы
Қазіргі таңда өңірде 18 мыңнан астам алимент өндірісі бойынша іс қаралуда. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда олардың саны 2%-ға артқан. «Проблемалық» деп танылған 1 260 іс бойынша жалпы қарыз көлемі 1,45 млрд теңгеден асып отыр.
Оның ішінде 846 млн теңге тек жартылай өтелсе, 612 млн теңге мүлде төленбеген. Маманның айтуынша, жағдай бірнеше себепке байланысты қалыптасқан. Негізгілері — борышкерлердің асоциалды өмір салты, тұрақты жұмыстың жоқтығы, табысты жасыру немесе жалақыны әдейі азайтып көрсету. Жыл басынан бері 2 540 жаңа іс қозғалған.
Алимент өндіруге бағытталған арнайы екі контора Рудный мен Қостанай қалаларында жұмыс істейді. Онда бүгінде 3 904 іс қаралып жатыр, бұл жалпы көлемнің 23%-ын құрайды. Сот шешімін әдейі орындамаған 219 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 44 адамға Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша іс қозғалды. Алайда проблемалық алименттердің орындалу деңгейі әлі де төмен.
Жыл басынан бері Әділет департаментіне 543 шағым түсіп, 441 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 82 сот орындаушы тәртіптік жазаға тартылды: 41-іне ескерту, 37-іне выговор, 4-іне қатаң сөгіс берілді. Екі жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылды, тағы төртеуінің қызметі уақытша тоқтатылды.
Нәжікеновтың айтуынша, алимент мәселесін шешу үшін қатаң бақылау жалғаса бермек, себебі бұл тек заңдық емес, ең алдымен әлеуметтік және моральдық жауапкершілікке байланысты мәселе.