18.09.2025, 18:30

«Биік ағаштарды кесіп, тағы да құрылысқа кірісті»: Елордалық тұрғындар BI Group-тың әрекетіне ашулы

Фото: видео скриншот

Жасыл желекке қарап қуанып жүрген жұрт ертеңіне қураған орынды ғана көріп, ашуланды.

Астанадағы тұрғындар тағы да дабыл қақты. Терезе алдында тұрған ағаштар мен шыршаларды бір күнде кесіп тастап, BI Group шағын аумақта жаңа үй тұрғызбақ. Жасыл желекке қарап қуанып жүрген жұрт ертеңіне қураған орынды ғана көріп, ашуланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Балаға ойнайтын алаң, серуендейтін саябақ керек еді. Оның орнына тағы да бетон қалап жатыр. Бұл компанияға адамдардың тынысы емес, тек ақша маңызды сияқты» – деп ашуланды тұрғындар.

Қазірдің өзінде Кунаев пен Сарайшық көшелері кептелістен көз ашпайды. Жаңа тұрғындар көшіп келсе, жағдай тіпті ушығатыны анық. Инженерлік желілердің де шамасы жетпей тұр: жаңбыр жауса, көшеде жағымсыз иіс жайылып, канализация көтере алмай қалады.

Ал BI Group уәде еткен әлеуметтік нысандар қайда? Фитнес-зал, балалар алаңы, жасыл аймақ туралы әдемі сөйлеген, бірақ іс жүзінде жұрт тағы екі жыл бойы терезенің астында ауыр техниканың дүрсілін тыңдамақ. «Үйлерімізге жарықшақ түссе, кім жауап береді?» – деп алаңдайды тұрғындар.

Әлеуметтік желіде пікір жазғандардың көбі ашулы. Бірі «қала демалатын жерден айырылды» десе, енді бірі «билік тұрғындардың үнін естімей отыр» деп қынжылады. Астанада қазір демалатын саябақтан гөрі, бетон қабырғасы көп болып барады.