18.09.2025, 19:00

Иесі қамауға алынды: Қазақстанда «Актив» ломбардының бөлімшелері жұмысын тоқтатты

Фото: Яндекс

Койнов С.С-тың компаниясы 15 күнге 16,2% сыйақымен қарыз берген, бұл заңда белгіленген шектен 4 есе артық.

Заңсыз микрокредит беру бойынша кең ауқымды схема әшкереленді. Ол еліміздің әр өңірінде 200-ге жуық филиалы бар, комиссиялық дүкендер ретінде жасырынған ірі ломбардтар желісі арқылы жүзеге асырылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, "Актив Ломбард" желісінің иесі Койнов С.С сенімді адамдарына "Актив Маркет" брендімен тіркелген бірнеше компания рәсімдеген. Олар тауарлар мен тұрмыстық техниканы қабылдайтын комиссиялық дүкен ретінде көрсетілгенімен, іс жүзінде лицензиясыз ломбардтық қызмет – мүлікті кепілге қою арқылы қарыз берумен айналысқан. Комиссиялық дүкендер мен ломбардтар бір ғимаратта орналасып, бір персоналды пайдаланған. Заңнамаға сәйкес, қысқа мерзімді қарыздар (45 күнге дейін) бойынша сыйақының ең жоғары мөлшерлемесі тәулігіне 0,3%-дан аспауға тиіс. 

“Алайда Койнов С.С-тың компаниясы 15 күнге 16,2% сыйақымен қарыз берген, бұл заңда белгіленген шектен 4 есе артық. Осылайша, жүз мыңдаған азамат, соның ішінде зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар қарыз тұзағына түскен. Соңғы екі жылда заңсыз жоғары мөлшерлемемен кепілдік қарыз беру арқылы 3,5 млрд теңгеден астам қаражат заңсыз өндірілген. Түскен кірістерді одан әрі заңдастыру үшін Койнов С.С байланысы бар компаниялармен бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу және сүйемелдеу бойынша жалған келісімшарттар рәсімдеген. Оның жалпы сомасы – 1,9 млрд теңге. Кейін бұл қаражат жеке депозиттік шотына дивиденд түрінде аударылған”, – делінген ақпаратта.

Қазір еліміздің барлық өңірлерінде 200-ден астам тінту жүргізіліп, заттай дәлелдемелер алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді. Қарыз алушылардың назарына: Қаржы реттеушісінің лицензиясы бар "Актив Ломбард" желісінің қызметі сотқа дейінгі тергеу нысанына жатпайды. Агенттік оның бірде-бір филиалын жапқан жоқ, "Актив Маркетке" кепілге қойылған мүлік те тәркіленген жоқ, ол "Актив Ломбардтың" иелігінде. Сонымен қатар ҚМА азаматтардан заңсыз сыйақы алу фактілері бойынша тағы 14 істі тергеп жатыр. Күдікті ретінде 15 тұлға танылды.

Осыған байланысты, микрокредиттік қызметпен айналысатын кәсіпкерлерді қарыз алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қатаң сақтауға шақырамыз. Азаматтардан заңсыз жоғары сыйақы мөлшерлемесін алған жағдайда кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылады.