19.09.2025, 15:50

Балабақшада балаларды бір қасықпен тамақтандырған: тәрбиеші қасықты өзі жалап, балаларға қайта берген

Фото: видеодан скрин

Журналистердің жазуынша, ата-аналар: «Осындай жағдайда жұмыс істейтін балабақша бюджет қаржысын алып келген жоқ па?», – деп күмәндануда.

Шымкенттегі «Березка» балабақшасында жаға ұстатарлық жағдай тіркелді. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада балаларды бір табақтан бір қасықпен кезекпен тамақтандырған сәт түсіп қалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Тәрбиеші қасықпен әр балаға ас беріп қана қоймай, ара-арасында қасықты өзі жалап отырғаны да анықталды. Ата-аналар бұл кадрларды көрген соң шошып, дереу полиция мен журналистерді шақырған. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары да балабақшадағы жағдайды көріп жағаларын ұстаған.

Полицейлер ата-аналардың арызын қабылдап, істі тіркеді. Балаларға тамақ дайындалатын асүйдің өзі де антисанитарияға толы болып шықты. Жағдайды көзімен көргендер ескі кастрөлдерде тамақ пісірілгенін, бөлменің лас әрі адам төзгісіз күйде екенін айтады. Енді бұл балабақшаға санитарлық дәрігерлер мен білім басқармасының мамандары жіті тексеріс жүргізетін болды.

Журналистердің жазуынша, ата-аналар: «Осындай жағдайда жұмыс істейтін балабақша бюджет қаржысын алып келген жоқ па?», – деп күмәндануда.

Қазір қоғамда бұл оқиға үлкен резонанс тудырды. Көпшілік балалардың денсаулығына қауіп төндірген тәрбиешіге де, мекеменің иесіне де қатаң шара қолдануды талап етуде.