19.09.2025, 17:00

Досының үйі деп ойлаған: Жезқазғанда ер адам прокуратура қақпасын бүлдірді

Фото: yandex.kz

Сот оны кінәлі деп танып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алды. 

Жезқазғанда масаң күйдегі азамат досының үйін прокуратура ғимараты деп шатастырып, қақпаны бүлдірді. Сот оны кінәлі деп танып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Ұлытау облысының прокуратурасы таратқан мәліметке сәйкес, Жезқазған қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында азамат «Т»-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.

Сотта анықталғандай, 2025 жылғы 30 тамызда сағат 05:23 шамасында азамат «Т» масаң күйде бола тұра Ұлытау облысы прокуратурасының ғимаратының қақпасын досының үйі деп ойлап, қақпаны аша алмағаннан кейін ұрып-соққан және қақпа жанындағы темір парақты қасақана бүлдірген.

Сот отырысында Ұлытау облысы прокуратурасының өкілі келтірілген шығынның мөлшері 259 484 теңге 40 тиын екенін мәлімдеп, шығынның ішінара өтелгенін хабарлады.

Құқық бұзушы сотта өз кінәсін мойындап, істеген әрекетіне өкінетінін жеткізді. Сондай-ақ шығынның жақын күндері толық көлемде өтелетінін айтты. Медициналық куәландыру нәтижесі бойынша азамат «Т» орташа дәрежелі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды, - делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.

Сот азамат «Т»-ның іс-әрекетінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 147-1-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы бар деп танып, оған 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.