$ 541.34  640.73  6.53

«Қызметіңнен кетші, өтініш!»: Депутат Дәулет Мұқаевтың жазбасы елдің ашуын тудырды

"Елде басқа проблема жоқ па?"

Фото: parlament.kz
Фото: parlament.kz

Мәжіліс депутаты Даулет Мұқаевтың Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасы қазақстандықтар арасында тағы да қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Бұл жолы Мұқаев кейбір адамдардың Олжас есімін дұрыс айтпайтынын сынға алды. Оның Threads-тегі қысқа ғана жазбасы желі қолданушыларының ашуын тудырып, 350-ден астам пікір жинады.

"Орыстар "Олжас" деген атты айтқанда неге "Алжас" дейді де, "Ольганы" айтқанда, "Альга" демейді?! Әлде біз білмейтін қандай да бір ережелер бар ма?", - деп жазған депутат Мұқаев. 

Пікір қалдырушылардың басым бөлігі елде болып жатқан шынайы мәселелердің фонында депутаттың мұндай тақырып көтергеніне наразы болды.

"Сарбаз бейбіт уақытта әскерде қайтыс болды. Азық-түлік қымбат. Ет қымбат. Коммуналдық қызмет қымбат — жарық, газ, су, бензиннің бәрі қымбат! Кешкі сағат 17:30-да қараңғылық түседі. Ауыл мен өңірлер әлі дамымаған! Доллар қымбаттап, теңге күн сайын құнсызданып жатыр! Педофилдерге өлім жазасы қарастырылмайды", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы басқа пікір иелері де қымбатшылықты, жалақының төмендігін сөз етіп, «Депутаттар не үшін жұмыс істейтінін ұмытып кеткен» деп сынады.

"Мемлекеттік маңызы бар мәселелерді талқылаңыз, мырза депутат; Басқа проблема жоқ па?; Даулет мырза, еліміздегі бағаның өсуіне назар аударыңыз" – деп жазды қазақстандықтар.

Мұқаев пен оның әріптестеріне қатысты мүлде жағымсыз пікірлер де айтылып жатыр. Халық депутаттың жоғары лауазым иесі бола тұра, маңызды мәселелерді көтермейтініне наразы.

Ал сынға жауап берген Мұқаев әлеуметтік желідегі парақшасында не жазатынын өзі шешетінін мәлімдеді.

"Мәселелер өте көп. Біз оларды айту керек жерде айтып, жазу керек жерде жазамыз. Ең алдымен, бұл – менің жеке әлеуметтік желім, мен өзім шешемін, не жариялайтынымды және не туралы жазатынымды. Бұл парақша тек проблемаларды айту үшін емес, менің ойларым мен өмірім туралы. Бұл – менің әлемім", – деп жазды Даулет Мұқаев.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 10
Ұнамайды 15
Күлкілі 3
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары