20.09.2025, 10:30

Әскерде көз жұмған 19 жастағы сарбаз жер қойнына тапсырылды

Фото: видеодан скрин

Сарбаздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, оқыс оқиға болған әскери бөлімде арнайы комиссия тексеріс жүргізіп жатыр.  

Әскерде көз жұмған 19 жастағы Дінмұхамед Шынарбек Шымкентте жер қойнына тапсырылды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Марқұмның туыстары жігіттің өзіне қол салғанына сенбейді. Олар қайғылы жағдайға бәз біреулер кінәлі екеніне сенімді, сондықтан жіті тексеруді талап етуде. 

Отардағы әскери бөлімде егіз бауыры Даниялмен бірге қызмет етіп жүргенде Дінмұхамедті аяқасты Алматы облысына қарасты Мәтібұлақтағы бөлімшеге ауыстырған. Сарбаздың өзі басшылықтың бұл шешіміне қарсы болғанын, туыстарына да телефон арқылы бірнеше мәрте айтып шағымданған көрінеді.

"Дінмұхамедтің өзіне қол салуы мүмкін емес" деген марқұмның жақындары әскери бөлімде бір былықтың барын айтып, барынша қатаң тексеруді талап етеді. Сарбаздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, оқыс оқиға болған әскери бөлімде арнайы комиссия тексеріс жүргізіп жатыр.