Бұдан бөлек депутаттар жұмысына қатысты ұсыныстарын да айта кетті.
"Qasqa Jol" YouTube арнасында Парламент мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов қонақта болды, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қоғам қайраткері билікте болып жатқан өзгерістерді түсіндіріп, Сенаттың рөліне кеңінен тоқтала кетті. Айтуынша, Назарбаевтың кезіндегі Сенат пен Тоқаевтың кезіндегі Сенаттың айырмашылығы үлкен.
Сенатқа тағайындалатын депутаттардың саны бұрынғыдан азайды. Ассамблеяның бөлек өкілеттілігі мен Сенаттық құқығын әлсіретті. Бұрын Сенат заңға өздері өзгеріс енгізетін. Қазір ондай бастама көтере алмайды. Біздің ұсынысымызға келіседі немесе келіспейді. Сенатта андай депутат мынадай заңды сынады дегенді естімейміз. Бұрын болатын. Бірақ жұмыс істемей жатыр деп айта алмаймыз. Осыған дейін екі мәрте депутат болғандықтан қазір Парламенттің өте белсенді екенін айта аламын. Кез келген мәселені көтеріп, дау-дамай тудырып жүрміз, - деді ол.
Бұдан бөлек депутаттар жұмысына қатысты ұсыныстарын да айта кетті.
Бір ойым басқалары куә болуы үшін жұмыс топтарында тікелей эфир қосылса екен деймін. Одан кейін әр заңға енгізілген өзгеріс сол адамның атымен аталса. Америкада солай ғой. Қандай да бір өзгеріс болса, "Поправка Джонсона" дегендей шенеунік атымен бекітіледі. Кейбір кезде бір топтардың мүддесін қорғап біреу арқылы лоббистік ұсыныс айтады. Маған да сондай ұсыныстар келген. Әр өзгеріс шенеунік атымен аталуы керек. Депутат Әбенов банк қызметіне қатысты ұсыныс берді деп көрсетсін. Мен арам оймен бір банктің мүддесін қорғап ұсыныс айтсам, ертеңгі күні Парламенттен кетсем де маған көзімді шұқып айтуы керек. Бұл - жауапкершілік. Парламентте жүргеннен кейін регламент бойынша депутаттардың істерін, ұсыныстарын атап талқылауға болмайды. Мына депутат деп сынап айта алмаймын. Тек ұсынысқа қарсы ұсыныс бере аламын. Егер әр депутат өз атынан беріп, дауыс бергені де көрініп тұрса, қоғам алдында жауапкершілігі болатын еді, - деп түйіндеді Әбенов.
Мәжілісмен ЖИ көмегімен заң шығару туралы көтерілген ұсынысқа тоқталып, депутаттарға шынымен көмек аздық етпейтінін айта кетті.
Заң көп болғандықтан кейбір жұмыс топтарына адам жетпей жатады. Сапалы саң шығару үшін 15 адам керек деп ойламын. Математикалық есеппен қарап айтатын болсам, 120-130 адам жұмыс істеуі керек. Сонда барлығы жеткілікті болады. Бұрын қолынан келгенше Парламенттің тәуелсіз жұмыс істеуіне көп кедергі болды. Ол кезде Парламентте аналитикалық топтар мен әр депутаттың 3-4 сарапшысы болды. Қазір бір депутат, бір көмекші және жұмыс істейтін 6 заң. Ондай кезде үлгермей жатасың. Ал үлгермегенің Үкіметке пайдалы. Жалпы қалай алсақ та Үкімет пен Парламент бір-біріне қарсы. Үкімет бақылау аз болғанын, құзыры көп болғанын дұрыс көреді. Ал Парламент керісінше жүруі керек. Үкімет неғұрлым ашық жұмыс істеп, араласа бермеуін сұрап отырамыз. Осы жерде арамызда қарама-қайшылық бар, - дейді Мұрат Әбенов.