Желі қолданушылары да үнсіз қалмады.
Ақтөбеде ұзақ уақыттан бері салынып жатқан жол құрылысы тұрғындардың ашуын туғызды. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада ер адамның: «Жұмысшылар көліктің ішінде тығылып отыр, ештеңе істемейді. Бізге кедергі келтіреді» деген шағымы жарияланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Желі қолданушылары да үнсіз қалмады. Комментарийлерде «Елді тонап болды ғой», «20 жылда бір дұрыс жол көрмедік», «Ақтөбеде дені сау жол жоқ, әкімдік соқыр қабылдай береді» деген пікірлер көптеп жазылған. Кейбірі тіпті «Шахаровты қызметтен босату керек, қаланы аздырды» деп талап қойып отыр. Бейнежазбаның астында «Қашан халықты алдауды қоясыңдар? Қашан Президенттің тапсырмасын орындайсыңдар?» деген ащы сауалдар да қойылған. Желіде «#ақтөбебардак», «#дорога», «#антикор», «#прокуратура» деген хэштегтер арқылы жергілікті билікке наразылық күшейіп жатыр. Тұрғындардың пікірінше, бөлінген миллиардтаған қаржыға қарамастан, нәтиже жоқ. «Ничего нового – только тонем в коррупции», – деп ашынғандар да бар. Басқалары болса, «Ақша бөлінген, бірақ бөліске түскен сияқты, істелген іс көрінбейді» деп жазған. Қазір қоғамда жол сапасына ғана емес, әкімдік жұмысына деген сенімге де күмән күшейді.