23.09.2025, 11:00

«Баламды танымай қалдым»: Тағы бір сарбаздың анасы жанайқайын айтты

Фото: видеодан скрин

Лаура Шынтемірова әскерилер жас сарбаздарды қара жұмысқа жегіп, дәретханада азаптайды деп отыр. 

Маңғыстау облысында 18 жастағы сарбаз жындыханадан шықты. Жігіттің туыстары бұған әскердегі әлімжетті себеп болды дейді. Сөздерінше, ол тіпті бірнеше рет өзіне қол салмақ болды. Ал әскери бөлімнің қызметкерлері жағдайды тексерудің орнына жауынгерді психикалық орталыққа жатқызып, істі жасыруға тырысқан көрінеді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сұлтан Шынтеміровты сәуірде әскерге көшеден алып кеткен екен. Анасының айтуынша, 18 жастағы бозбала әлімжеттіктің құрбаны болған. Көрген қорлығына шыдай алмай, тіпті білегін тіліп жіберген. Арада бес ай өткен соң екінші рет өзіне қол салмақ болды. Анасы ұлының психикалық орталықта жатқанын басқа ата-аналардан естіп келген.

“Маған Бекзат командирі хабарласып, балаңыздың жүрегі мен бүйрегі ұстап тұр. Сол үшін дәрігерге апара жатырмыз деді. Бүйрегін тексертеді, жүрегін тексертеміз деп алдап, жындыханаға жатқызып тастаған. Оны мен басқа ата-анадан естімесем, баламның психорталықта жатқанын да білмеймін”, – деді сарбаздың анасы Лаура Шынтемірова. 

Бейнеу ауданындағы 99116 әскери бөлімінде борышын өтеп жатқан жігіт анасына әскери бөлім қызметкерлерінің ұрып-соғатынын айтыпты. Лаура Шынтемірова әскерилер жас сарбаздарды қара жұмысқа жегіп, дәретханада азаптайды деп отыр. 

“Өз баламды танымай қалдым. Бұндай қылып жібермеген едім. Фотолары да бар. Құрылыс жұмысына салып тастаған. Біреудің үйінде кірпіш құйғызыпты. 99116 әскери бөлімінің толық құрамын тексерсін”, – деді ана.

Сұлтан Шынтеміровтың психикалық денсаулық орталығында жатқанына бір апта болыпты. Одан өзге мұнда тағы екі сарбаз емделіп жатыр екен.

“Білектерінде сырылған жарақаттар болған. Соған байланысты “өзіне қол салу белгілері” деп алып келді. Психолог, психотерапевт мамандары қарайды”, – деді Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқанов.

Әскерге барып, жындыханадан бір-ақ шыққан сарбаздардың ісіне қатысты тексеріс басталды. Оқиғаның мән-жайын арнайы комиссия анықтамақ.