23.09.2025, 12:50

Жезқазғандағы көкке боялған көлге байланысты халық ашулы (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

"Экологтар қайда?"

Жезқазған қаласында әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен видео жұртшылықты дүрліктірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Онда көлдің суы көк түске боялып, бетінде белгісіз қалдықтар қалқып жүргені анық байқалады. Халық бұл суды тұрғындар пайдаланып отыр ма деген сауалға жауап іздеуде. Халықтың дауысы Желі қолданушыларының пікірінше, көлге мыс зауытынан қалдықтар төгілген болуы мүмкін.

Бірі «Бұл – мыс купоросы, өте улы зат. Адамға да, малға да, өсімдікке де қауіпті» десе, енді бірі «Бұл радиация, қала түгел улануда» деп дабыл қақты. Тұрғындар экологияға жауапты органдарды әрекетсіздікке айыптап отыр.

«Экологтар қайда? Өзеннен бір машина құм алсаң, бірден келіп ұстайды. Ал мынадай жағдайға көз жұма қарап отыр» деген наразылық та көп.

Кей пікір иелері судың түсі күкіртке ұқсайтынын, тіпті флотация қалдықтары төгілген болуы мүмкін екенін жазған.

«Мыс сонда жасыл түске боялады», «Бұл – Жезқазған халқына жасалған ЧИВИ» деген өткір сөздер де айтылды.

Желіде тараған суреттерде көлдің беті жасыл-көк дақтарға толы. Халық бұл жағдайдан қатты шошып, «Масқара, су қашан тазарады?» деп күйінді. Қазіргі таңда жергілікті әкімдік пен экология департаменті тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ. Ал тұрғындар судың құрамына зерттеу жүргізіп, нақты қандай химиялық зат екені анықталсын деп талап етуде.

«Әкімдік айыппұл салумен ғана айналыспасын, ең алдымен халықтың денсаулығын қорғауды ойласын» деген пікір жиі кездеседі.

Жезқазғандағы көлдің көкке боялуы – жай табиғи құбылыс емес, өнеркәсіптік қалдықтармен байланысты болуы мүмкін деген күдік күшейіп тұр. Халықтың ашуы да орынды: олар таза су мен қауіпсіз орта талап етуде. Ендігі сөз – билік пен экологтардың қолында