24.09.2025, 01:25

Президент еліміздегі саяси реформалар жөнінде мәлімет берді

Фото: Ақорда

Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұстанамыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөйлеген сөзінде Қазақстанның ұстанатын саясаты жөнінде айта кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Жаһанда тұрақсыздық белең алған кезеңде Әділетті Қазақстан құруды көздеген жаңғыру саясатын батыл жүргізіп жатырмыз. Соңғы үш жылда біздің аймақта бұрын-соңды болмаған саяси және экономикалық реформалар жасалды.

Жалпыұлттық референдум арқылы Президентті жеті жылға бір мерзімге сайлайтын норма енгізілді. Бұл демократия қағидаттарына сай есептілікті күшейтеді. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұстанамыз.

Қазақстанды жаңғырту ұстанымын басшылыққа ала отырып, елімізде бір палаталы Парламент құру мәселесін жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсындым.

Мақсатымыз – саяси жүйенің қоғам сұранысына сай ашықтығы мен тиімділігін арттырып, оны ұдайы жетілдіру. Бұл реформалардың басты қағидасы: Заң және тәртіп бәрінен жоғары тұруы керек.

Біз парасаттылыққа және заң үстемдігіне арқа сүйейтін басқару жүйесі ғана қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді деп санаймыз. Бұл халықаралық инвестицияларға, сауда байланысына және елдің қарқынды дамуына оңтайлы жағдай жасайды. Заңды мүлтіксіз сақтайтын азаматтардың мүддесін қорғау – әділеттілікке, есеп беруге және өзара құрметке негізделген басты басымдықтарымыздың бірі», деді Мемлекет басшысы.