25.09.2025, 18:30

Жаңа ереже: Балаларға медициналық көмек көрсету тәртібі өзгереді

Фото: Pixabay

Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл қадам емделушілердің көңіл-күйін жақсартып, ұзақ ем қабылдап жатқан балалардың психологиялық жағдайын жеңілдетеді.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі балаларға стационарлық жағдайда көрсетілетін медициналық көмек тәртібін өзгертті. Жаңа бұйрыққа министр Ақмарал Әлназарова қол қойған. Құжат 24 қыркүйекте ресми сайтта жарияланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Балаларға жайлы орта

Бұдан былай ауруханадағы балалар бөлімшелерінде ойын және демалыс бұрыштарын жасау міндеттеледі. Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл қадам емделушілердің көңіл-күйін жақсартып, ұзақ ем қабылдап жатқан балалардың психологиялық жағдайын жеңілдетеді.

Оқудан қол үзбейді

Ұзақ уақыт бойы стационарда жататын мектеп жасындағы балалар үшін үздіксіз оқу ұйымдастырылады. Олар сабақтарын ауруханада жүріп-ақ жалғастыра алады. Бұл 2020 жылы Денсаулық сақтау және Білім министрліктері бірлесіп қабылдаған құжатқа сүйеніп жүзеге асады.

Жетімдерге уақытша қамқорлық

Ең маңызды өзгерістердің бірі – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты. Егер мұндай балалар медициналық ұйымға жеткізілсе, қорғаншылық органдары оларды үш тәулікке дейін ауруханада уақытша орналастыруға міндеттеледі. Бұл уақыт ішінде балаға медициналық көмек көрсетіліп, әрі қарайғы тағдыры шешіледі.

Құқық пен қауіпсіздік басты назарда

Министрлік жаңа тәртіп балалардың ауруханада болуын анағұрлым жайлы әрі қауіпсіз етуге бағытталғанын атап өтті. Енді әрбір балаға білім алу, ойын ойнау, демалу және ең бастысы – қамқорлық пен қорғаныс құқығы толық қамтамасыз етіледі. Жаңа ереже алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 10 күн ішінде күшіне енеді.