$ 544.26  634.72  6.52

Жасанды интеллект – балалардың ойлауын тежейді: Еуропалық сарапшы Қазақстанды ескертті (ВИДЕО)

"Адам ИИ-ді көп қолданған сайын, өздігінен ойлану қабілеті төмендейді".

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Қазақстанда жасанды интеллекттің болашағы қызу талқыланып жатқанда, Еуропадан келген маман ескерту жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшысы, ЕО-ның «Жасанды интеллект туралы» заңын әзірлеген топ мүшесі Хенрик фон Шейль Мәжілістегі парламенттік тыңдауда сөз сөйлеп, ИИ-ді бей-берекет енгізудің қауіпті жақтарын атап өтті. Балаларға қатаң тыйым Фон Шейльдің айтуынша, жасанды интеллекттің табиғаты адамның ойлау қабілетін алмастыруға негізделген.

«Адам ИИ-ді көп қолданған сайын, өздігінен ойлану қабілеті төмендейді. Сондықтан Еуропада балаларға жасанды интеллектпен жұмыс істеуге қатаң шектеу қойылған. Мәселен, Нидерланды, Германия, Швеция секілді елдерде тілдік модельдерді 21 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Өйткені ерте қолданыс адамның стратегиялық ойлауын тежеуі мүмкін», – дейді сарапшы.

Кім пайда табады? Еуропалық маман Қазақстанға тағы бір маңызды мәселені ескертті – деректердің тағдыры. Бүгінде жасанды интеллект саласында алда тұрған елдер – АҚШ пен Қытай. Ал Қазақстан сияқты мемлекеттер өз деректерін ірі корпорацияларға беру арқылы болашақтағы экономикалық табысынан айырылу қаупін тудырады.

«Microsoft немесе Amazon-мен серіктестікке ешкім қарсы емес. Бірақ олардың қандай алгоритмдерді қолданып отырғанын, қай жерде деректеріңізді пайдаланатынын нақты бақылау қажет. Себебі сіздің деректеріңіз – болашақ капиталыңыз», – деді фон Шейль.

Сонымен қатар, сарапшы Қазақстанның ИИ жөніндегі заң жобасын құптап, оның уақтылы әрі маңызды қадам екенін атап өтті.

«Сіздер тәуекелдердің бәрін есепке алған өзекті заң әзірледіңіздер. Бұл – дұрыс бағыттағы шешім», – деді ол.

Президенттің тапсырмасымен бұрынғы Цифрлық даму және аэроғарыш министрлігі қазір «Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі» болып қайта құрылған. Алғашқы нормативтік-құқықтық актілер де қабылданып үлгерді. Дегенмен сарапшылар деректердің қорғалуы мен киберқауіпсіздіктің әлсіз тұстары сақталса, толық цифрландыру елге шығын әкелуі мүмкін екенін айтып отыр. Еуропалық сарапшының ескертуі – Қазақстанға жасанды интеллектке асығыс басымдық бермей, қауіпсіздік пен ұлттық мүддені бірінші орынға қою керектігін еске салды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары