Ата-аналардың айтуынша, қабылдау бөлімінде бар болғаны бір ғана дәрігер отырады.
Жамбыл облысының орталығы – Таразда халықтың ашуын туғызған жағдай күн тәртібінен түспей тұр. Инфекциялық ауруханаға ағылған науқастар ұзын-сонар кезекке тұрып, ыстығы көтерілген балаларымен бірге сағаттап далада күтуге мәжбүр. Қалтыраған сәбилерді сыртта ұстап отырған биліктің әрекетсіздігіне жұрт наразы, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ата-аналардың айтуынша, қабылдау бөлімінде бар болғаны бір ғана дәрігер отырады.
«Кемінде екі-үш дәрігер жұмыс істеуі керек еді, бірақ бар салмақ жалғыз адамның мойнында. Баламның ыстығы 40 градусқа жетсе де, сағаттап күттік. Мұндай қорлықты қай елден көрдіңіздер?» – дейді ашынған тұрғындар.
Көпшілік бұл аурухананы баяғыда сүріп, орнына жаңа ғимарат салу керек деген пікірде.
«Басқа өңірлерде заманауи емханалар салынып жатыр. Ал Тараздағы инфекциялық аурухана әлі күнге дейін Совет заманындағы күйінде тұр. Ішіне кірсең, 40 жыл бұрынғы өмірге түскендей боласың», – деп ашынған халық нақты айтты.
Аурухана әкімшілігі болса, барлығы санитарлық нормаға сәйкес деп құтылуға тырысты. Бірақ жұртшылық мұны жауапкершіліктен қашу деп бағалап отыр.
«Балаға ине салудың өзі қиын, дәрігер жетіспейді, жағдай ауыр, ал басшылық тек есеп берумен әлек», – дейді науқастардың туыстары.
Ал Жамбыл облысы әкімдігі бұл мәселеге әлі күнге дейін көз жұма қарап отыр. Қарапайым халықтың төзімі таусылған. Олар «шенеуніктердің құр баяндамасы емес, нақты ісі керек» деп талап етуде.