Видео WhatsApp чатына тараған соң ауылға учаскелік полицей мен иттерді аулау қызметінің өкілі жеткен.
Қоянқұс ауылында тұрғындардың көзінше қарулы адамдар көше аралап, иттерді қырып жүргені видеоға түсіп қалды. Олар тіпті бір үйдің ауласындағы итке көздеп, оқ атқан. Қақпаға оқ тиген сәтте ит шыңғырып, ауладан сыртқа атып шыққан. Бұл ауыл адамдарының ашуын туғызды. Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнында «Газель» жүк көлігі тұрған, ал кабинадан қару мен аң құсы табылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Видео WhatsApp чатына тараған соң ауылға учаскелік полицей мен иттерді аулау қызметінің өкілі жеткен. Бірақ олар заңсыз әрекетке тоқтау салудың орнына, куәгерге қысым көрсетіп, видеоны өшіруді талап еткен. «Мұны жариялауға құқығың жоқ» деп қоқан-лоқы жасаған. Әлеуметтік желіде пікір екіге жарылды. Бір бөлігі: «Қаңғыбас ит балаларды талағанда үнсіз қаласыңдар, ал енді шу шығарып отырсыңдар» десе, енді бірі: «Бұл – қылмыс, біреудің итін атқандар заң алдында жауап беруі тиіс» деп ашуланды. Ал кей тұрғындар керісінше «балаларды қорғап жүр» деп қарулы адамдарды қолдап шықты. Қоғамның басым бөлігі мұны қатаң айыптап, жануарларды атқандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр. Халықты одан сайын ашуландырғаны – биліктің видеоны жасыруға тырысқаны.