01.10.2025, 18:00

«Қайратқа» сүйініп, Қайрат Боранбаевтан құдай жасағанды қояйық»: Танымал журналист көпшілікке үндеу жасады

Фото: коллаж Sn.kz

“Қайратқа” кешегі ойын мықты сабақ болды, ә?! Әлемдік деңгей дегеннің не екенін біршама ұғып қалды.

Танымал журналист, қоғам қайраткері Серік Әбікен қазақ халқын дүр сілкіндірген "Қайрат-Реал" ойынына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

“Қайратқа” кешегі ойын мықты сабақ болды, ә?! Әлемдік деңгей дегеннің не екенін біршама ұғып қалды. РМ ойыншыларына маңайлау мұң болды ғой, жуып кетсе шынтақпен шық, тобықтан сылқ, бөксемен бүлк еткізеді. Доп артынан ұмтылғанды байқатпай домалатып кету де — шеберлік. Анда қарасаң қайраттық құлап жатыр, мында қарасаң біздікі сұлап жатыр. Егескенді езіп кетуге машықтанғандары сонша, тіпті, ескерту де алмады ғой мадридтіктер. Айыпдоп беруге болатын сәттің өзін айналдыра қарап солардың пайдасына шешті( Содан болар сәлден кейін қазекеңдер тығыз ойнай алмай қалды. Тапалов, Громыколар есімі жиі аталды, Дастан Сәтпаевты мықтылар мысы басқандай, Сорокиндікі сораң жүріс, ана бір пасы сор болды…Шерханға ел риза, қанша доп қайырғанын құдай білсін. Мбаппелер аяусыз шайнағанда шыдап берді, жігерлі екен, жаси қоймас. Жігіттер осы кездесуден сабақ алып, доп додасына ғана емес, мінез майданына да дайын болып, алдағы ойындарда сойқан өнер көрсетсін деп тілейік.

Сосын бұл “Қайратқа” сүйініп, ана Қайрат Боранбаевтан Құдай жасағанды қояйықшы. Кеше ғана халықты қызылсирақ етіп талаған топтың өкілі футбол клубына құятын ақшаны ата-бабасының ақ дорбасынан шығармағаны анық. Аздаған қаржы құйып еді клубтан ақша сорғалай бастады, кезінде “Алматы паркинг” те солай болған…Аздап бояды, тақта ілді, сосын пайдасын көрді. Оныкі бизнес қана ғой.