03.10.2025, 11:20

Блогер Бейбіт Әлібековтің бұрынғы әйелі ғарышқа ұшпақ

Фото: blueorigin.com

Ұшу күні жақын арада ресми түрде хабарланады.

Қазақстандық кәсіпкер Бейбіт Әлібековтың бұрынғы әйелі ғарышқа ұшпақ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Blue Origin басылымына сілтеме жасап. 

Қазақстандық Данна Қарағұсова америкалық Blue Origin компаниясының New Shepard зымыранымен суборбиталық туристік сапарға аттанады. 1 қазанда компания NS-36 миссиясының экипажын жариялап, онда Қарағұсованың да есімі аталды.

Blue Origin ресми сайтында оның медиа, тарату және іс-шараларды ұйымдастыру саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар екені, сондай-ақ Килиманджаро мен Эльбрус шыңдарын бағындырған альпинист екені айтылған.

"Ғарыш – адамзаттың болашағы. Жаңа көкжиектерге қадам басу арқылы біз тек технологиялық мүмкіндіктерді емес, өз әлеуетімізді де кеңейтеміз. Мен үшін NS-36 миссиясы – көптен бергі арманымның орындалуына жасалған маңызды қадам әрі ғылыми-зерттеу жобасына қосқан үлесім", – деп жазды Қарағұсова Instagram парақшасында.

Данна Қарағұсова – FMG маркетинг холдингінің негізін қалаушы. Ол бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Сенат пен Мәжілістің экс-депутаты Гүлжан Қарағұсованың қызы.

NS-36 миссиясы – New Shepard бағдарламасы бойынша жүзеге асатын 15-ші пилоттық ұшырылым. Бұған дейін Blue Origin ғарышқа 75 адамды аттандырған. Сапар шамамен 10–12 минутқа созылып, оның ішінде бірнеше минут бойы салмақсыздық сезінуге және Жерді ғарыштан көруге мүмкіндік береді. Ұшу Карман сызығынан асып өтеді, бұл – ғарыштың халықаралық деңгейде мойындалған шекарасы.

Ұшу күні жақын арада ресми түрде хабарланады. Компания бұған дейін оны қазан айының басында өткізуі мүмкін екенін айтқан. Сапарды тікелей эфирде көруге болады.

Айта кетейік, Blue Origin-нің алғашқы суборбиталық ұшуы 2021 жылдың 20 шілдесінде өткен. Сол миссияға компания негізін қалаушы, америкалық миллиардер Джефф Безос қатысқан болатын.

New Shepard кемесімен ұшу құны ресми жарияланбағанымен, ашық деректерде шамамен 500 мың доллар (273 млн теңге) деп көрсетіледі. Ал алғашқы аукционда 2021 жылы Безоспен бірге ғарышқа ұшу билеті 28 миллион долларға (15,3 млрд теңге) сатылған еді.