"Мен онымен 20 жылдан астам уақыт жүрген екенмін".
“Жұлдыздар отбасы”, “Аңыз адам” журналдарының негізін қалаушы, журналист Жарылқап Қалыбай ауыр дертке шалдыққанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Белгілі журналист Жарылқап Қалыбай өзінің сырқаты жайлы Аман Тасығанға берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды Stan.kz.
«Обыр деген өте қауіпті дерт қой. Туыстарымның көбісі осы аурудан көз жұмды. Бірақ өзім оған тап боламын деп ойламаппын. Обырдың жүзге жуық түрі бар екен, соның біріне қалай шалдыққанымды да білмей қалдым. 2004 жылы ота жасатқан едім, сол кезде В гепатитін жұқтырыппын. Бұл дерт бауырды 10-15 жылда циррозға жеткізетінін кейін білдім. Сөйтсем, мен онымен 20 жылдан астам уақыт жүрген екенмін. 2020 жылы ковидпен ауырдым, содан кейін обыр анықталды. Осы дертпен алысып жүргеніме бес жыл болды. Түркияға да, Үндістанға да емделуге бардым», – деді ол.
Журналистің айтуынша, еміне 250 мың доллар қажет. Алайда бір ай ішінде бар болғаны 3 миллион теңге ғана жиналған. Ол кезінде журналдары арқылы танымал болған әншілердің ешқайсысы хабарласпағанына қынжылыс білдірді.
«Ешқандай әнші хабарласқан жоқ. Мен өзім ғылымның адамы едім. ҚазҰУ-де сабақ бердім. Кейін газеттер, журналдар шығара бастадым. “Жұлдыздар отбасы” газетін шығарғанда халықтың ықыласына бөлендім. Алғашқы санына Тоқтар мен Бейбіттің фотосын бастым, халық дүрлігіп кетті. Тираждар көбейді, сұраныс артты. Бірақ өмір болған соң түрлі жағдай болады екен. Саясатқа араласқаннан кейін әншілер менен алыстай бастады. Олардың кейбір әрекеттерін сынға алып, пікір білдіргенім ұнамаған болуы мүмкін. Сол үшін қазір әнші-әртістермен достығым жоқ деп айта аламын», – деді Жарылқап Қалыбай.