Құбырлар ескірген, бірақ ешкім түбегейлі жөндеуге кіріспейді.
Балқашта коммуналдық апаттар бітпей тұр. Кеше түнде Сәтпаев көшесіндегі №5 үйдің маңында су құбыры жарылып, ыстық су өзенше аққан. Тұрғындардың айтуынша, жөндеу жұмыстары күндіз жүргізілгенімен, түнгі сағат 11 шамасында қайта жарылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Таңертең қала көшелерін су басқан. «Қаланың жартысы сусыз, жылусыз отыр. Ал әкімдік болса, бәрі дайын деп есеп беріп отыр», — дейді тұрғындар. «Енді бізде тегін фонтан бар, ағаштарға су жетіп жатыр. Бұған да үйреніп кеттік қой!» «Әкім қайда қарап отыр? Үш айдан бері ыстық су жоқ! Бұл мәселе жылдап шешілмейді ғой!» Кейбір тұрғындар тіпті төтенше жағдай жариялауды талап етті: «Ақша қалтаға кетеді, ал жұмыс өзен болып ағып жатыр! Енді төтенше жағдай жариялау керек!» Жыл сайын Балқашта дәл осындай жағдай қайталанады.
Құбырлар ескірген, бірақ ешкім түбегейлі жөндеуге кіріспейді. Әкімдік тек есеп үшін жұмыс істейді, ал қарапайым халық су мен жылудың жоқтығынан шаршаған. «Қағазда бәрі дайын, ал іс жүзінде халық қатып отыр», — дейді тұрғындар. Мамандардың айтуынша, қаладағы жылу және су желілерінің 70 пайыздан астамы тозған. Бірақ апатты алдын алу емес, “көрсеткіш” қуалау әдеті қалған.