Жыл сайын 75 мың әйел аборт жасатады.
Қазақстанда жыл сайын шамамен 75 мың әйел аборт жасайды. Бұл – ел үшін алаңдатарлық көрсеткіш. Осы жағдайды азайту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік жағдайы төмен және осал топтағы әйелдерге жоспарланбаған жүктіліктен қорғайтын тегін әдістерді ұсынуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Қазір әрбір емхана өз бюджеті есебінен бұл бағытқа қаражат бөледі. Кей өңірлер жергілікті бюджеттен де қаржы қарастырды. Бюджет кодексі мұндай мүмкіндік береді. Сондықтан қазір біз әр әкімдікпен жеке жұмыс істеп жатырмыз, қаражат тек емханалар арқылы емес, өңірдің мүмкіндігіне қарай бөлінетін болады», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Министрдің айтуынша, мұндай тәжірибе әлемнің дамыған елдерінде бұрыннан бар. Бұл шараның басты мақсаты – жоспарланбаған жүктілікті азайтып, әйелдердің репродуктивтік денсаулығын қорғау.
Маманның сөзінше, мемлекет пен жергілікті атқарушы органдар бірлесе жұмыс істесе, жүктіліктің алдын алу мәдениетін қалыптастыруға және аборт көрсеткішін төмендетуге болады.