08.10.2025, 11:30

«Автобустар жетпей жатыр»: Теміртауда жолаушылар тағы да аялдамада сағаттап тұр

Фото: Видеодан алынған кадр

Тұрғындар мұндай жағдай күн сайын қайталанатынын айтып, әкімдік пен автопарк басшылығына шағымдануда.

Теміртауда қоғамдық көлік мәселесі қайта ушықты. Таңертең жұмысқа асыққан тұрғындар бірнеше автобус өткізіп, аялдамада ұзақ күтуге мәжбүр. Куәгерлердің айтуынша, кейбір жүргізушілер адамдарды тезірек отырғызудың орнына 15–20 минут бойы шылым шегіп, әңгімелесіп тұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.  «Екі автобусты өткізіп алдым, видеодағы — үшіншісі. Халық өте көп. Тағы екі автобус тұр, бірақ олар да асығар емес. Тұрғындар жүйкесі сыр беріп, бір-бірімен итерісіп, орын үшін таласуға дейін барады», — деп жазған қала тұрғындарының бірі әлеуметтік желіде. Тұрғындар мұндай жағдай күн сайын қайталанатынын айтып, әкімдік пен автопарк басшылығына шағымдануда. «Әкімдік халықпен жұмыс істемейді, ал автопарк басшылары жүргізушілердің тәртібіне жауап бермейді», — дейді тағы бір тұрғын. Қала халқының пікірінше, Теміртаудағы көлік тапшылығы мен қызмет сапасының төмендігі тұрғындардың ашуын тудырып отыр. «Жұмысқа үлгермей қалу — қалыпты жағдайға айналды. Біз қарапайым адам ретінде тек уақтылы автобусқа мініп, адам сияқты барғымыз келеді», — дейді қала тұрғыны. Әкімдік тарапынан нақты шешім қабылданбаса, бұл мәселе әлеуметтік шиеленіске ұласуы мүмкін дейді сарапшылар. Себебі қаладағы жолаушы тасымалы жүйесі ұзақ жылдар бойы түбегейлі жаңғыртылмаған.