08.10.2025, 11:40

«Қысқа дайынбыз» деген әкімдік қайда? Ақтауда жап-жаңа құбыр жарылып, көшелер су астында қалды (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Қала тұрғындары әлеуметтік желіде ашық пікір білдіріп, жауаптылардың әрекетсіздігіне наразы болды.

Ақтаудың дәл орталығында жаңадан тартылған құбыр жарылып, қаланың басты көшелерін су басқан. Оқиға 6 қазанда «Маңғыстаумұнайгаз» ғимараты маңында болған. Куәгерлер түсірген бейнежазбада жол бойы мен жаяу жүргіншілер өткелінің түгел су астында қалғаны анық көрінеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.  Қала тұрғындары әлеуметтік желіде ашық пікір білдіріп, жауаптылардың әрекетсіздігіне наразы болды. «Қысқа дайынбыз деп айтқан әкімдік қайда?» — деп жазды тұрғындардың бірі. Басқалары болса: «Жаңадан тартылған құбырлар қыс түспей жарылып жатыр, неге бақылау жоқ?», «Әкім мен басшылар кабинеттен шықпайды, көзбояушылық қана» деп ашуын жасырмады. Құбыр жарылған жерде жұмыс баяу жүріп жатыр «Каспий жылу, су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының мәліметінше, апатты жою үшін мамандар оқиға орнына барған. Алайда тұрғындар жағдайдың баяу шешіліп жатқанын айтып, жауапсыздықты сынға алды. Пікір қалдырғандардың бірі: «Шала істейді ғой, жұмыстарына тиянақ жоқ. Екі адам істеп, он адам қарап тұрады. Басшылардың жауапкершілігі жоқ, жұмысшылар жетіспейді», — дейді. Тағы бір тұрғын: «Нәтиже нөл, жылу жоқ десе де болады», — деп жазды. «Көзбояушылыққа тойдық» Ақтаулықтар соңғы жылдары коммуналдық апаттардың жиілегенін айтып, «әр күзде бір жарылыс, бір су тасқыны болады» деп күйінді. «Жөндеуге миллиондап қаржы кетеді, бірақ сапасы жоқ. Бір жаңбырда су басады, бір аязда құбыр жарылады. Бұл — жүйенің шіріген тұсы», — дейді тұрғындар. Әкімдік үнсіз, ал көшелер су астында Қалалық әкімдік оқиға туралы әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Халықтың сұрағы көп: неге жаңа тартылған құбыр қыс түспей жарылды? Неге сапа бақылауы жүргізілмейді? Неліктен жыл сайын бір сценарий қайталанады?