Ол сондай-ақ жол мен инженерлік желілердің сапасына да тоқталып өтті.
Бүгін Мәжілісте жаңа Құрылыс кодексі мен оған ілеспе заң жобалары талқыланып, депутаттар саладағы өзекті мәселелерді ашық сынға алды. Талқылау барысында ең өткір пікірді депутат Мұрат Әбенов айтты. Ол құрылыс сапасының төмендігін елдің абыройына нұқсан келтіретін ұлттық деңгейдегі проблема деп атады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Құрылыс сапасы — мемлекеттің абыройы. Сапасыз үй салғандар халықтың қарғысына қалып жатыр. Біреу ипотекамен 20 жыл төлейді, ал екі жылдан кейін қабырғасы жарылып, төбесі опырылады. Бұл — жай қателік емес, азаматтың тағдырымен ойнау», — деді депутат.
Ол сондай-ақ жол мен инженерлік желілердің сапасына да тоқталып өтті. Әбеновтің сөзінше, кейбір аймақтарда жөндеу жұмыстары екі апта өтпей қайта қазылады, ал жауаптылар “кепілдік мерзімі бар” деп ақталады.
«Жол төсейді, екі аптадан кейін қайта қазады. Бұл дегеніміз — жүйе сөгіліп жатыр деген сөз. Құрылысты ар-ұятпен, адам өмірін ойлап істеу керек. Әрбір шенеунік өз қолымен салған үйде тұруға дайын болса ғана сапа пайда болады», — деді ол.
Мәжілісте талқыланған жаңа Құрылыс кодексі құрылыс саласындағы бақылауды түбегейлі өзгертуді көздейді.
Құжатқа сәйкес: сейсмикалық қауіпті аймақтарда жобалау талаптары күшейтіледі; құрылысшылар мен жобалаушылар міндетті түрде сертификаттаудан өтеді; мүгедектігі бар адамдарға арналған қолжетімді орта — заң талабы ретінде бекітіледі; нысандардың бүкіл өмірлік циклы цифрлық жүйеде бақыланады.
Бұдан бөлек, қоғам өкілдерінің құрылыс жобаларын талқылауға қатысу тетіктері де қарастырылған. Бұл халықтың пікірін ескермей қабылданатын шешімдердің алдын алуға бағытталған. Депутаттар құжатты бірінші оқылымда қолдап, екінші кезеңге дейін 1 700-ден астам ұсынысты қарауға келісті.
«Бізге енді қағаздағы емес, өмірде жұмыс істейтін заң керек. Әр нысанның артында адам тағдыры тұр. Сол себепті құрылыс сапасы — тек министрліктің емес, бүкіл мемлекеттің жауапкершілігі», — деп түйіндеді Мұрат Әбенов.
Жаңа Құрылыс кодексі қабылданса, құрылыс саласындағы жауапсыздық пен жемқорлыққа қарсы нақты шаралар енгізілмек.