09.10.2025, 11:00

«18-20 мыңдап ақша сұрайтын»: Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздың жақындары жанайқайын айтты

Фото: Информбюро, скрин

Туыстарына Еркебұлан Сағындық генератор жөндеу кезінде бензин иісіне уланып көз жұмды деген хабар келген.

Маңғыстау облысындағы Үстірт шекара қызметінде борышын өтеп жүрген 20 жастағы Еркебұлан Сағындық көз жұмды. Әскери бөлімдегілер туыстарына сарбаздың жанармайға уланып қайтыс болғанын айтқан. Бірақ қара жамылған отбасы әскери қызметкерлердің сөзіне сенбейді. Себебі Еркебұлан қатты қиналып жүргенін айтып, жиі ақша сұраған екен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Информбюро мәліметінше, шекара қызметінде тағы бір сарбаздың табыты туған жеріне кетті. Бес айдан кейін ұлымыз үйге аман-есен оралады деп күтіп отырған бүтін бір әулет қара жамылды. Қайғыдан қан жұтқан отбасы үшін өз-өздерін қолға алу қиын. 

Туыстарына Еркебұлан Сағындық генератор жөндеу кезінде бензин иісіне уланып көз жұмды деген хабар келген. Ал анасы ұлымның өліміне әскери қызметкерлердің қатысы бар деп күдіктенеді. Өйткені сарбаз бір апта бұрын ғана хабарласып, қиналып жүргенін айтыпты. Тіпті басқа әскери бөлімге ауыстырыңдаршы деп өтінген екен.

“Суббота күні сөйлескенде, мама басқа частьқа ауысуға мүмкіндік бар ма деді. Таныс жоқ па деді. Ойбу, жаным ненің танысы дедім. Не тыныштық па 5 ай қалғанда деп едім. Әй, ладно, Мама деді. Спортсмен здоровый бала ғой. Білмеймін мен, миым жетпейді. Бензиннен уланды дейді. Ол қалай уланады? Түсінбеймін мен”, – дейді марқұмның анасы Гүлназ Жұмабаева. 

20 жастағы жігіт бар сырын үйленемін деп жүрген қызына жазып отырған. Ғашығына Маңғыстаудағы әскери бөлімге келгеніне өкінетінін, мұнда сарбаздарға мүлдем жағдай жасалмағанын айтқан екен. Бойжеткеннің телефонында Еркебұлан Сағындықтың 15-20 мың теңге көлемінде жиі ақша сұраған хаттары да әлі сақтаулы. Тіпті бұзылған қозғалтқышты жөндетуге де қаражат аударғанмын дейді Ақниет Мұқан.

“Угрожать етті ме білмеймін, менен сол кезде моторды істетуіміз керек деп менде перепискасы да бар әлі. Тез-тез ақша табылды ма, неғылды деп жаза беретін тұғын. Үстіртке қалай түсті, бұл айдаладағы жер ғой. Ақтаудың ар жағында 5-6 сағаттық жер. Магазин де жоқ. Менен 10-15 мың, бір рет 18-20 мыңдап ақша сұрайтын еді. Қиналып кеттім деп көп айта беретін”, – дейді Ақниет.

Ал ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды қысқа ғана ақпарат таратты. Мән-жайды ашып айтпады.

“Алдын ала мәлімет бойынша, қасіреттің себебі техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамауы болып табылады. Полиция органдары қылмыстық іс қозғады, қосымша қызметтік тергеу жүргізілуде”, – дейді ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі.

Әкесінен ерте айырылған Еркебұлан Сағындық үйдің кенжесі. Медициналық колледжде оқыған жігіт әскерден орала сала үйленуді жоспарлаған екен. Алайда арманы сол күйі орындалмады. Марқұмның туыстары тергеу әділ өтіп, кінәлілер жазасын алсын деп отыр.

Айта кетейік, бұл - бір аптада шекара қызметінде болған екінші сарбаз өлімі. 5-қазанда Алматыдағы әскери бөлімде борышын өтеп жүрген 18 жастағы жауынгер де қыршыннан қиылған еді.