09.10.2025, 16:30

«750 метр жол үшін 7 жыл күттік»: Қарағанды тұрғындары әкімдіктен әділдік сұрап шаршады

Фото: видеодан скрин

Әр жолы шенеуніктер «жөндеу жоспарына енгіземіз» деп уәде етіп, арты үнсіз аяқталады.

Қарағандыда Потанин көшесінің тұрғындары мен кәсіпорын өкілдері жол азабынан әбден қажыды. Ұзындығы бар болғаны 750 метр болатын бұл көше жыл сайын уәде берілгенімен, бір рет те толық жөнделмеген. Мұнда ондаған өндіріс базасы мен қойма орналасқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Күн сайын жүздеген адам жұмысқа қатынайды, жүк көліктері мен қызметтік транспорт тоқтаусыз қозғалады. Бірақ асфальт атымен жоқ, шаң көкке көтеріліп, шұңқыр мен ойдым-ойдым жер көлік жүргізушілерінің сабырын сындырып отыр. 

«Бұл жолмен жүру — нағыз сынақ. Күн сайын көлік сындырамыз, дөңгелек жиі жарылып, жөндеуге ақша кетеді. Ал кешке қарай көзге ештеңе көрінбейді – жарық жоқ, жолдың сұлбасы ғана байқалады», — дейді жергілікті тұрғындардың бірі.

Тұрғындар әкімдікке жыл сайын арыз жазып келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Әр жолы шенеуніктер «жөндеу жоспарына енгіземіз» деп уәде етіп, арты үнсіз аяқталады.

«Біздің көшені жылына бір рет автогрейдермен тегістеп кетеді, бірақ екі ай өтпей қайтадан бұрынғыдай шұңқыр пайда болады. Сонда осы 750 метр асфальт төсеу әкімдік үшін соншалық қиын ба?» — дейді кәсіпорын иесі.

Мәселенің ең сорақы тұсы — бұл аймақ өндірістік орталық. Қала экономикасына үлес қосып отырған кәсіпорындарға апаратын жолдың осылай күй кешуі жергілікті биліктің жауапсыздығын көрсетеді. Тұрғындар әкімдіктен жолды биылғы жөндеу жоспарына енгізуді және нақты мерзім белгілеуді талап етуде.

«Қарағандыда миллиардтар бөлініп, орталық көшелер сәнделіп жатыр. Ал шеттегі халық жылдар бойы шаң жұтып, асфальт сұрап отыр. Әділдік қайда?» — деп ашуланады тұрғындар.

Қала әкімдігі әзірге бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме бермеді. Соңғы видеоларда тұрғындар бұл жолды «Қарағандының ең қысқа, бірақ ең азапты көшесі» деп атап жүр. Ал әлеуметтік желі қолданушыларының бірі «750 метр жол — 7 жыл уәде. Әкімдікке асфальттан бұрын ар-ұят керек» деп пікір қалдырған.