Көшенің бір бөлігі опырылып, батпаққа айналған.
Семейдің Щорс көшесіндегі тұрғындар жаңа қиындыққа тап болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бірнеше апта бұрын мұнда орталық су құбыры тартылып, жол қайта көмілген еді. Алайда тұрғындардың айтуынша, мердігер ұйым жұмысты сапасыз атқарып, топырақты «шала көміп кеткен». Енді көшенің бір бөлігі опырылып, батпаққа айналған. Бейнежазбаларда көліктердің балшыққа батып, шыға алмай жатқан сәттері көрінеді. Жер қыртысы қақ жарылып, жолдың кей тұсында ірі жарықтар пайда болған.
«Құбырды жүргізді, сосын қалай болса, солай көміп кетті. Қазір жер отырды, көлікпен жүру мүмкін емес», – дейді жергілікті тұрғындар.
Интернеттегі пікірлерде де жұрт ашулы. «Бұл қалыпты жағдай» деп ақталушылар да табылды.
Алайда тұрғындар әкімдік пен мердігерден нақты жауап талап етуде. Енді қала билігі мен жауапты компания бұл жолды қалпына келтіру жұмыстарын қолға ала ма – уақыт көрсетеді.