17.10.2025, 13:30

«Бір жылдан бері су жоқ, медпункт жабық»: Абай облысындағы ауыл тұрғындары биліктен көмек сұрады (ВИДЕО)

Фото: Егемен Қазақстан

"Біз өз депутаттарымызды да танымаймыз".

 

Абай облысына қарасты Жарминка ауданының Ұзынжол ауылы әлі күнге дейін ауызсуға жарымай отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Тұрғындардың айтуынша, ауылда таза ауызсу жүйесі тартылмаған, ал былтыр салынған медициналық пункт әлі күнге дейін ашылмаған.

«Су жоқ, медпункт те істемейді. Біз өз депутаттарымызды да танымаймыз», – дейді ауыл тұрғындары.

Бұл жағдай ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмаларға мүлде қайшы. Мемлекет басшысы сол кезде «2025 жылдың соңына дейін елді мекендердің 100 пайызы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілуі тиіс» деп нақты тапсырма берген болатын. Алайда 2025 жылдың аяқталуына бар болғаны екі ай қалғанда, Ұзынжол ауылы сияқты елді мекендерде мәселе шешілмей тұр. Тұрғындар Жарминка аудандық мәслихаты мен облыстық мәслихат депутаттарына үндеу жолдап, мәселені бақылауға алып, шешім қабылдауды сұрады. Олар сондай-ақ Абай облыстық мәслихатының депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Нұрлан Қойжағановтан бұл мәселені облыстық деңгейде көтеріп, қарауға шығаруды өтінді. Ауыл халқы биліктен тек бір нәрсе сұрайды — уәде орындалсын, ауызсу мен медицина қолжетімді болсын.